Қазақстанда зираттарды қорғайтын заң пайда болуы мүмкін

Аян Өрібай

Тиісті ұсынысты сенаттың бүгінгі отырысында депутат Еділ Мамытбеков ортаға салып, үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

Депутат Еділ Мамытбеков 2017 жылы сенатор Ольга Перепечина «Жерлеу және жерлеу ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігі туралы сауал жария еткенін айтты. Алайда салалық мемлекеттік органдар бұл мәселені елемей, сөзбұйдаға салып жіберген. Енді Еділ Мамытбековтың айтуынша, қазіргі кезде заңнамалық актінің болмауы болашақта проблемаға әкеліп соғуы мүмкін.

«Қазақстанда салт пен жөн-жоралғы қызметін көрсететін жеке фирмалар пайда бола бастады. Олардың саны қаулап өсіп барады. Заң қабылданса осындай маңызды саланы бақылап қана қоймай, оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жерлеу мәселелерін реттейтін заңнамалық актінің болмауы түрлі құқық бұзушылықтарға алып келеді. Қылмыстық түрде жерлеу, заңсыз бизнесті жүргізу фактілері де болуы ықтимал, эксгумация мен жерлеудің нақты ережелері болмай отыр», - деп атап өтті сенатор7

Депутат осыған байланысты премьер-министрден салалық мекемелерге жерлеу, қою және зираттарды күтіп-ұстау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актіні әзірлеу жөнінде шаралар қабылдауды сұрады.