Астанада «Арқар» көпірінен түсер жолда екі маршруттық автобус соқтығысып, бір жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Оқиға 10 қыркүйекте Сарайшық көшесінде болған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Қошқарбаев даңғылы жағынан келе жатқан Yutong автобусының жүргізушісі қауіпсіз бүйірлік арақашықтықты сақтамай, сол бағытта оң жақ жолақпен қозғалып келе жатқан Iveco автобусына соғылған.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Threads желісінде тарады. Видеодан соқтығыстан кейін ондаған жолаушының автобустан түсіп, жол бойымен жаяу кетуге мәжбүр болғанын көруге болады. Осы кезде олардың жанынан басқа көліктер өтіп жатқан.
Бір жолаушы зардап шекті
Соқтығыс салдарынан Iveco автобусындағы жолаушылардың бірі жарақат алған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Астана полициясы жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.