Қазақстанда PSG академиясын ашуға дайындық жүріп жатыр: жоба туралы не белгілі

Сырым Қаржас

Қазақстанда PSG Academy Kazakhstan футбол академиясын іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Жаттықтырушылар құрамы жасақталғанымен, ашылу мерзімі мен балаларды қабылдау шарттары әзірге жарияланған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дайындық қай кезеңде?

9 қыркүйекте туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов PSG Academy халықаралық желісінің техникалық директоры Бенжамен Уримен кездесті. Тараптар академияның ашылуына дайындық барысын және Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуды талқылады.

Қазір жоба аясында ұйымдастыру және техникалық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. PSG Academy бірыңғай халықаралық әдістемесі бойынша жұмыс істейтін техникалық басшылық пен жаттықтырушылар құрамы жасақталған.

Бенжамен Ури Қазақстанға академияны іске қосуға дайындық жұмыстарына қатысу үшін келді. Ол PSG Academy жүйесінде 17 жылдан бері еңбек етеді. Халықаралық академиялар желісінің қызметін, соның ішінде жаттығу сапасы мен мамандарды даярлау ісін қадағалайды.

Қазақстандық жаттықтырушылар оқудан өтті

Сапар барысында Ури PSG Academy Kazakhstan техникалық директорымен және жаттықтырушыларымен танысып, академия әдістемесі мен балалармен жұмыс істеу тәсілдеріне арналған оқу және тәжірибелік сабақтар өткізді.

Оның бағалауынша, қазақстандық мамандар жоғары кәсіби деңгейін көрсетті. Ури мұны елде футбол жаттықтырушыларын даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесімен байланыстырды.

Министрмен кездесуде мамандардың біліктілігін арттыру және жас футболшыларды оқытуға халықаралық тәсілдерді енгізу мәселелері де талқыланды.

Балаларға не үйретеді?

PSG Academy әдістемесі тек техникалық дағдыларды жетілдірумен шектелмейді. Бағдарлама ойын үстінде дұрыс шешім қабылдауды, тәртіпті, командамен жұмыс істеуді, әріптестер мен қарсыластарға құрмет көрсетуді де қамтиды.

Уридің пікірінше, Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту әлеуеті зор. Оны іске асыру үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымы, білікті жаттықтырушылар, мамандарды тұрақты оқыту және балаларды жүйелі даярлау қажет.

PSG Academy өкілі Астананың спорт инфрақұрылымын да жоғары бағалады. Ол кәсіби спорт нысандарымен қатар, қала тұрғындарына қолжетімді алаңдарға назар аударды.

Академия қашан ашылады?

Ури PSG Academy Kazakhstan негізін қалаушы Алмаз Әлсеновтің жобаны іске асыруға қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, Әлсеновтің Қазақстандағы спорт бастамаларын дамыту тәжірибесі академия жұмысына берік негіз қалайды.

Кездесу соңында Ербол Мырзабосынов қонаққа естелік панно табыстады.

PSG Academy Kazakhstan академиясының нақты ашылу күні, қабылдау шарттары мен тіркелу тәртібі дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін жарияланады. Қазіргі уақытта академия жұмысын әлі бастаған жоқ.