Қазақстан тергеуге қосылуға дайын: Тоқаев Киевте журналиске жасалған шабуыл туралы

Қалижан Бектемір

Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Тоқаев нақты тапсырма берді

– Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.

«Бұл – өте маңызды саяси жоба»

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

– Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Украинадағы оппозициялық журналист Айдос Садықовқа жасалған шабуыл жайлы пікір білдірген болатын.