Шымкентте жер сілкінісі болды ма?

Ғалиасқар Думан

Шымкент тұрғындары жер асты дүмпулерін сезінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: istockphoto.com

Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 511 км жерде болды. 

"Шымкент ТЖ департаментінің 101 және 112 жедел желілеріне зардап шеккендер немесе қиратулар туралы хабарламалар түскен жоқ. Біз қала тұрғындары мен қонақтарын сабырлы болуға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", – деді құтқару қызметінің өкілдері. 

Қырғызстандағы жер сілкінісінің магнитудасы 5,1 құрады.  

Алматыдағы жер сілкінісі

Еске салсақ, Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты. 

Сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.

Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:

  • Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  • Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
  • Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
  • Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
  • Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  • Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.