Су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітов елдегі су тасқынынан кейін миллиардтаған текше метр су ауыл шаруашылығы, өндіріс саласының пайдасына жарап жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұржігітов не дейді
– Жалпы су қоймаларында 12,5 млрд текше метр су жиналды. Қазір елде үлкен 87 су қоймасы бар. Оның бәрі 90 пайызға артық толып тұр. Ауыл шаруашылығы, өндіріс саласының пайдасына жарап жатыр. Одан бөлек, Каспий теңізіне 5 млрд текше метр су жіберілді. Балқаш көліне 3 млрд текше метрден астам су жібердік. Қызылорда облысындағы Тереңкөлге 1 млрд текше метр су жіберілді, – дейді Нұржан Нұржігітов.
Сол секілді Павлодар облысындағы жайылым 6,7 млрд текше метр су жіберілген. Жалпы есептегенде, су тасқынынан кейін 18 млрд текше метр су пайдаға жараған.
– 12,5 млрд текше метр суды қосымша жинадық, – дейді Нұржан Нұржігітов.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.