Үкімет экономиканы өсіру үшін 9,6 трлн теңге инвестиция салады

Қалижан Бектемір

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикадағы өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестиция жасау жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Бұл сомаға бюджетте қарастырылған бюджеттік инвестициялар және бюджеттен тыс инвестиция көздері кіреді.

Оның 7 трлн теңге көлеміндегі негізгі бөлігі бюджеттен тыс инвестиция көздерінен алынады. Біріншіден, бұл біздің ұлттық холдингтеріміздің қаражаты. "Самұрық-Қазына" мен "Бәйтеректің" барлық еркін өтімділігі осы өсу бағдарламасына бағытталған. Екінші көзі — ішкі және сыртқы капитал нарығы. Біз қазір ішкі ресурстарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл екінші деңгейлі банктер мен басқа да институционалдық ішкі инвесторлардың қаражаты, - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Халықаралық қаржы ұйымдарымен де маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр, жобаларға ұзақ жеңілдікті қаржыландыру көздері тартылуда. Сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлардың жеке инвестициялары маңызды рөл атқарады.