Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға шетелден бидай әкелуге тыйым салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Ресей мен Беларусьтен ЕО-ға астық импортын шектеу туралы шешім Қазақстанға қалай әсер етеді деген сұраққа жауап берді.
Жауап
– Тұқымды қоспағанда, біздің елге бидай әкелуге тыйым салынған. Сондай-ақ теміржол көлігімен бидай әкелуге шектеулер енгізілген. Бірақ транзит бар, біз оған кедергі жасай алмаймыз. Қырғызстан бірнеше жыл бойы біздің бидайды қабылдамайды – Ресейден алады. Негізгі тұтынушылар – Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан. Олар қалады. Сонымен қатар, жақсы экспорттық бағыт – Қытай. Былтыр ол жаққа 1,5 млн тонна астық жөнелтілді, - деді ол.
Транзит
Шенеунік тасымалдауға арналған транзит тарифі бойынша сұрақтар барын айтады. Транзит кезінде жоғары тариф қолданылады.
– Бұл қалыпты тәжірибе. Басқа елдерге де транзиттік тариф төлейміз. Бұл біздің дәстүрлі нарықтарымызды басып алуға мүмкіндік бермейтін тосқауыл. Бірақ біз жағдайды пайдаланып, экспорттық бағыттарды дамытуымыз керек, - деді ол.
Өткен аптада Еуроодақта 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Ресей мен Беларусьтен бидай, жүгері, күнбағыс тұқымын, жемшөп өнімдерін импорттауға "тыйым" баждары енгізілетіні белгілі болды. Баждар осы өнімдердің импорты іс жүзінде тоқтатылатын деңгейге дейін өседі.