Қазақстанда техникалық мамандық иелері армиядан босатылуы мүмкін

Сырым Қаржас

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкіметте техникалық мамандықта оқыған жастарды әскерден босату жөнінде ұсыныс жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Министр Қазақстандағы осындай мамандардың тапшылығын айта келе мәселені шешудің бір нұсқасын ұсынды.

"Техникалық мамандықтар бойынша оқу орындарын бітірген адамдарды әскери борыштан босату туралы мәселені қарастыруды және колледждерде сержанттар құрамын даярлауға және әскери даярлықтан өтуге бағытталған әскери кафедралар ашуды ұсынамын, – деді ол.

Премьер-министр Олжас Бектенов жас мамандарды жұмысқа орналастыруға да назар аударады.

"Талдау көрсеткендей, техникалық және кәсіптік білім беру түлектерінің 25 % мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан оларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілермен, әсіресе ірі кәсіпорындармен тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажет. Жаңа жұмыс күші қажет барлық жобаларды қадағалау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мониторингінің нақты жүйесі қажет, – дейді ол.

Бектенов Қаржы министрлігіне жыл соңына дейін еңбек, қаржы, экономика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ басқа да бейінді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауды тапсырды.