Қазақстанда көліктің алдыңғы әйнегіне тонировка жапсыруға рұқсат берілуі мүмкін

Аян Өрібай

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, әлі нақты шешім жоқ,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Қожаев не дейді?

Сенат кулуарында журналистер Қожаевтан “көліктің алдыңғы әйнегіне тонировка жапсыруға рұқсат беріле ме?” деп сұраған.

– Иә, тонировкаға рұқсат беру мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келеді. Қазір ІІМ оған салынған тыйым тарихын зерттеп жатыр. Мәселені депутаттар да көтерген, – дейді ол.

Қожаев кеден одағының регламентінде тоноровка мәселесі жазылғанын, оған шектеу жүргізуші, жолаушыны тануға кедергі келтіргені үшін қойылғанын айтады. 

– Бұл қаншалықты мүмкін? Әлде қаншалықты зиян? Зерттелу үстінде. Жақын арада біз сарапшылық қорытындымызды береміз, – дейді ол.

Тонировкаға тыйым

Қазақстанда 2010 жылы автокөліктің алдыңғы әйнектерін бояп, тонировка жапсыруға тыйым салынған. Қазір тонировканы алдыңғы әйнекке заңсыз жапсырып алғандар әкімшілік кодекстің 461-бабы 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.