Қазақстан Париж Олимпиадасына қанша қаражат жұмсады

Сырым Қаржас

Туризм және спорт министрлігі спортшыларды Олимпиадаға дайындауға мемлекет бюджетінен қанша қаражат жұмсалғанын хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

metaratings.ru

Министрлікте не айтылды

Вице-министр Серік Жарасбаев брифингте биыл олимпиадашыларды даярлауға 980 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.

– Олимпиада ойындарына дайындықты спортты дамыту дирекциясы жүргізеді. Ұлттық құрама команданы даярлауға, оның Олимпиада ойындарына қатысуына 980 миллион теңге жұмсалды, - деді ол.

Сондай-ақ, шенеунік бүгінгі таңда Қазақстан құрамасы үшін форма толығымен дайын екенін айтты. Оның сөзінше, киім демеушілердің қаражаты есебінен тігілген. Сондықтан ол киімге кеткен ақшаны "коммерциялық құпия" деп атады.

– Ұлттық құрама үшін, оның ішінде делегация мүшелері үшін барлық олимпиадалық форма толығымен дайын, тігілген. Қазір Астанадағы қоймаларда орналасқан.

Бағасы жайлы: мен бұл мәселені айта алмаймын, өйткені форманы толығымен тігу демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған. Демеушілер бұл мәселені коммерциялық құпия ретінде қалдыруды өтінді, — деп түсіндірді Жарасбаев.

Олимпиада ойындары

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 шілдесінен 11 тамызына дейін Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. 200 елден 10 000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Барлығы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қатысушы командалардың шеруі Сена өзені арқылы өтеді, елдердің әрбір делегациясы жеке қайықпен жүреді. Ойындар 11 тамызда "Стад де Франс" стадионында жабылады.