Кәсіпкер әрі меценат Дулат Тастекеев Қазақстанда онлайн-несие беруге тыйым салу идеясына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматыдағы іс-шара барысында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, кәсіпкер мұндай шара елді цифрландыру жөніндегі жоспарларға қайшы келетінін айтты.
"Қазір Парламент депутаттары тарапынан Қазақстанда онлайн-кредиттеуге тыйым салу қажет деген пікірлер бар.
Мұндай сөздер айтылған кезде депутаттар қандай да бір жағымсыз тұстарға негізделетіні түсінікті, бірақ елдегі барлық онлайн-кредиттеуді тоқтату біздің "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына қайшы келеді әрі бұл қаржы технологияларының дамуын тежейді", — деді ол.
Тастекеев онлайн-кредиттерге тыйым салу Қазақстан үшін ұят болатынын айтты.
"Менің ойымша, бұл әзірге жай ғана айқай-шу, бірақ мұндай ұятқа жол бермеу керек. Біз тек Орталық Азиядағы ғана емес, жалпы Еуразиялық өңірдегі ең технологиялық елдердің бірі болуымыз керек", - деп түсіндірді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда кредиттерге онлайн-өтінімдерді қарау мерзімін ұзарту жоспарланғаны хабарланған. Қабылданған шаралар халықтың кредиттелуін айтарлықтай төмендетуге және банктердің техникалық қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі деп күтілуде. Мысал ретінде Беларусьтың тәжірибесі келтірілген, онда былтыр алаяқтық деңгейі 77 пайызға төмендеген.