Өзбекстанда қоғамдық көпшілік іс-шараларда сыйлық таратуға тыйым салынды

Сырым Қаржас

Өзбекстан үкіметі тауарларды тегін тарату арқылы азаматтарды қоғамдық шараларға тартуға тыйым салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Видео кадрлары

Тиісті қаулыға Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қол қойды.

Құжатта азық-түлікті, тауарларды, тауарлық-материалдық құндылықтарды тегін тарату немесе оларды жарнамалық, акциялық және өзге де мақсаттарда тым арзан бағамен сату арқылы азаматтарды бұқаралық іс-шараларға тартуға тыйым салынатыны көрсетілген. 

Еске сала кетсек, 1 маусым күні Өзбекстан астанасының мыңдаған тұрғындары мен қонақтары Ашхабад саябағына 20 мың жұмсақ ойыншықтарды тегін тарату іс-шарасына қатысуға келген. Соның салдарынан метро стансасы, саябаққа апаратын жолдар мен оның ішкі аумағы адамға лық толып, аяқ алғысыз жағдайға жеткен. Сондай-ақ жақын маңдағы жолдардың оншақты жерінен көлік кептелісі пайда болды.

Сол себепті, бұл науқандық іс-шараны тоқтатуға тура келіп, ішкі істер қызметкерлері халықты таратуға көндіре алды. Қоғамдық іс-шараларды өткізу ережелерін бұзғаны және басқа да құқық бұзушылықтар жасағаны үшін саябақтың директоры, оның орынбасары және жарнама бөлімінің басшысы 15 тәулікке қамалды.