"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаев қызметіне қайта оралып, ұжымға таныстырылды, деп хабарлайды Ulysmeida.kz.
Ғалымжан Жусанбаевты ұжымға «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасеновтың өзі таныстырғаны айтылады.
Мұның алдында Жусанбаев сотта жеңіп, шешім бойынша оған өтемақы төленетіні хабарланған еді.
Зауыттағы дау неден басталды
Атырау МӨЗ-дегі жария дау зауыттың 462 қызметкері Жусанбаевты қызметтен шеттетуді талап еткен петицияға қол қоюдан басталған еді. Зауыт жұмысшылары директор "өзін дұрыс ұстамайды, есірткі қолданады, біліктілігі жоқ және қылмыстық жауапкершілікке тартылды" деп мәлімдеген.
Осы айыптауларға елордада өткен баспасөз мәслихатында Ғалымжан Жусанбаев пен оның адвокаты Талғат Мұқатанов жауап берген-тін. Олар зауытта барлығы 2700 қызметкер барын, яғни петицияға жұмысшылардың жекелеген бөлігі қол қойғанын айтты. Соның өзіне қысыммен қол қойылғанына сенімді.
Атырау МӨЗ адвокаты мен бұрынғы бас директорының айтуынша, "соғысты" бұрынғы орынбасарлары Жусанбаевқа қарсы бастаған.
– Біз петицияға қол қойғандардың көбінің алданғанына сенімдіміз. Кейбіреулер петицияның мазмұнын білмей, басқалары жұмысынан айырылып қалмас үшін қол қойған. Тіпті Атырау МӨЗ-де мүлде жұмыс істемейтін, бірақ мердігер болып табылатын қол қоюшылар да бар, - деді адвокат.
Ал Жусанбаев оған кейбір қызметкерлер жүгінетінін және өз бастықтарына қарсы шыға алмайтындынын түсіндірген.
Жусанбаев расында қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма?
Талғат Мұқатанов іс жүзінде Жусанбаев тек бір бап бойынша жауапкершілікке тартылғанын (ҚР ҚК 389-бабы – өзінше билік ету) айтады. Заңгер бұл істің 2014 жылы қозғалғанын, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал петицияда Жусанбаевтың бірнеше бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны жазылған. Жусанбаев та, адвокаты да мұны жоққа шығарып, ресми органдардан соттылығының жоқтығы жөнінде және нашақор емес екенін дәлелдейтін психикалық және наркодиспансендерден құжатты көрсетті.
Ұрлық пен жемқорлық схемалары
Жусанбаевтың атына тағылған айыптың тағы бірі – "ұрлық саясаты". Алайда МӨЗ бұрынғы басшысы керісінше, ұрлық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестім деп санайды. Жусанбаевтың пайымдауынша, өзінің орынбасарлары мен зауыттың "элитасына" бұл әрекеті ұнамаған. Дау одан ары өршіген.
Ол зауытта өндірістегі шығындарды есепке алу жағынан мүлде бақылау болмағанын тағы да мәлімдеді. Осылайша, Жусанбаев Атырау МӨЗ-дің жоғары лауазымды қызметкерлері мұнай өнімдерін ұрлап келген деп есептейді. Сондай-ақ ол жөндеуіне бюджеттен қомақты қаражат бөлінген зауыттың жағдайына наразылық білдірген.
Менің ойымша, мен ұрлықты тоқтаттым. Зауытта еш камера жоқ. Сіздер зауыттың қандай күйде екенін көрдіңіздер ғой. Оны жаңғыртуға үш миллиард доллардан астам қаражат бөлінген, жыл сайын күрделі жөндеуге тағы қаржы бөлінеді, — деп сендіреді Жусанбаев.
Бізде түнде газ жағады. Газ жоқ дейді. Қалай жоқ? Оны сақтайтын жер жоқ. Бізде бензинді де, дизельді де сақтайтын жер жоқ. Түнде бәрін неге өртейді деп сұрадым. Алау 15 метр биікке дейін емес, 15 см дейін ғана жануы керек. Бұл – апаттық шара. Күн сайын апаттық шара неге жасалады? Неліктен түнде өртейді, неге күндіз өртенбейді, - деп сұрақ қояды ол.
Сонымен қатар Жусанбаев монополияға қарсы күрестім деп мәлімдейді. Бұған дейін Атырауда жұртшылық Жусанбаевтың мұнай өнімдерін тасымалдау үшін "Ақжайық" стансасын қалпына келтіргісі келетініне қарсы наразылық білдірген. Станса қала шегінде орналасқандықтан, тұрғындар бұл экологияға зиян тигізетінін айтады.