Қазір 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“500 млн теңге қарастырылған”
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың сөзінше, республикалық және жергілікті бюджетте анимациялық фильмдерді шығаруға жыл сайын қаражат қарастырылып келеді. Мәселен, 2024 жылы анимациялық жобаларды өндіруге республикалық бюджетте 500 млн теңге қарастырылған. Анимациялық фильмдердің барлығы қазақ тілінде жарыққа шығады. 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттік қаржылық қолдау бойынша 8 анимациялық фильм өндірілген. 2024 жылы 37 анимациялық фильм сценарийі талданып жатыр.
Ұлттық фильмдерді іріктейді
Сондай-ақ биылдан бастап ұлттық деп аталуға үміткер киножобаларды іріктеу қағидаларына түбегейлі өзгеріс енгізіліп, ұлттық фильмдерді іріктейтін Сараптама кеңесінде анимациялық киножобаларды қарастыратын секция құрылған. Бұл секцияның мүшелігіне анимация саласының білікті мамандары енген.
Қазақанимация
Қазақстанның мемлекеттік идеялогиялық саясатының іске асырылуына ықпал ету, бала тәрбиесін, тіл мәселесінің оң шешілуін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақфильм» киностудиясының жанында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылған. Оның мақсат – отандық анимациялық саланы жаңғырту және анимациялық фильмдердің сапасы мен ұлттық нақыштағы мазмұны бойынша халықаралық деңгейге шығу жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ қысқа метражды және толық метражды анимациялық фильмдер шығаруды ұлғайту болып отыр.