Әбіләзовтың «сыбайласы»: Трамптың экс-серіктесі өтейтін $32 млн ақшаны Алматы әкімдігі мен БТА банк бөліп алады

Сырым Қаржас

Қазақстанның Әділет министрлігі БТА банкінен ақша жымқыру ісі бойынша АҚШ азаматы Феликс Сэтерге тағылған айып жөнінде толығырақ ақпарат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Министрліктің мемлекет мүлкіне құқығы жөніндегі комитет басшысының орынбасары Ерлан Мұсабаев брифинг барысында Феликс Сэтерге қарсы үкімді 26 маусымда Нью-Йорк аудандық сотында алқабилер шығарғанын, алайда үкім әлі бекітілмегенін айтады. Яғни іс бойынша апелляция болуы мүмкін. Сондықтан Мұхтар Әбіләзов пен Виктор Храпуновтың "сыбайласы" келтірілген шығынды әлі өтемегенін хабарлады.

– Бір апта ішінде осы үкім бекітілуі мүмкін. Апелляция отырысы болуы да ықтимал. Әділет министрлігі БТА банкімен бірлесіп осы апелляцияға қарсы іс-қимыл бойынша шара қабылдайды, - деді ол.

Өтемақының жалпы сомасы 32 миллион доллардан асажы. Шенеунік бұл соманы Алматы әкімдігі мен БТА банкі өзара бөліседі деп түсіндірді. Қаражаттың қанша бөлігі мемлекетке берілетіні әлі белгісіз.

– Бұл ақшаны БТА банкі мен Алматы қаласының әкімдігі бөліп алады. Қалай бөлінетіні әлі белгісіз. Виктор Храпунов пен БТА банкінің Мұхтар Әбіләзов ұрлап әкеткен ақшалары бір-бірімен араласқандықтан, бұл процесте қарастырылған траншеялардың бірі. Феликс Сэтер тек осы соманың бір бөлігін анықтауға көмектесті, - деді Мұсабаев.

Контекст

Еск сала кетейік, 26 маусымда Нью-Йорктің оңтүстік округі бойынша аудандық соты үш апталық сот отырысынан кейін Виктор Храпунов пен Мұхтар Әбіләзов, Феликс Сэтерге қарсы ҚР Әділет министрлігі мен БТА банкінің бірлескен талап-арызы бойынша бірауыздан үкім шығарды.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың бұрынғы серіктесі Феликс Сэтер Храпунов пен Әбіләзовқа қолма-қол ақшаны жылыстатуға көмектескені және оларды инвестициялауға көмектескені үшін кінәлі деп танылды.