Бұл шегі емес: сарапшылар доллар әлі де қымбаттай беретінін болжайды

Ғалиасқар Думан

Сарапшылар Қазақстандағы доллар бағамының өзгеруіне байланысты болжамын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы шілденің алғашқы сауда-саттығында шетел валютасына деген сұраныстың артуы сақталғанын атап өтті. Бұл KASE-дегі доллар бағамының одан әрі өсуіне апарып соққан. Күннің қорытындысы бойынша USD KZT орташа алынған бағамы бір доллар үшін 474,96 теңгеге (+3,12 теңге) дейін өсті.

"KASE-дегі доллардың үздіксіз өсімі біржолғы факторлармен байланысты емес екені анық. Ол әлі шарықтау шегіне жетпеген болуы мүмкін (дүйсенбіде ең жоғары мәміле бағамы бір доллар үшін 476,68 теңгені құрады)", - деп есептейді сарапшылар.

Сарапшылар теңгенің әлсіреуі Ұлттық қордағы (шілдеде 450-550 млн-ға дейін, маусымда 420 млн-ға дейін сатылған) шетел валютасын сатудың ұлғаюы туралы есептерге қайшы келетініне назар аударады.

Бұған дейін маусым айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5,5% әлсірегені хабарланған болатын.