Ресей мұнайын Қытайға өткізгені үшін Қазақстан санкцияға ұшырауы мүмкін бе

Сырым Қаржас

Қазақстанның энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Ресей мұнайының Қытайға транзиті жөнінде хаттаманы ратификациялауға қатысты егжей-тегжейлі айтып берді. Қазақстан ол келісімге байланысты  санкцияларға ұшырауы мүмкін бе деген сұраққа да жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

20 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы заңға қол қойды. Вице-министр Ақкенженов журналистерге Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің аясында бұл жоба Қазақстанға 10 жыл ішінде 1,7 млрд доллар табуға мүмкіндік беретінін айтты.  Бұдан басқа, осы келісім шеңберінде Қытайға қазақстандық мұнай да тасымалданады. Тасымал көлемі жылына 1 млн тоннаға жетеді.

– Биыл Қазақстан Ресеймен ресейлік мұнайдың транзиті жөнінде келісімді ратификациялады. Оның жылдық көлемі 10 млн тоннаны құрайды. Келісім 10 жылға есептелген, яғни біз 100 млн тонна туралы айтып отырмыз. Бұл бізге бүкіл кезең ішінде шамамен 1,7 миллиард доллар табуға мүмкіндік береді. Осы келісім арқылы біз мұнайымызды жылына 1 млн тонна көлемінде тасымалдаймыз. Транзит Ресейден Қытайға өтеді, - деді ол.

Шенеунік бұл келісім Павлодар мұнай-химия зауытын қосымша шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.

– Бұл келісім бізге ПМӨЗ-ді төрт миллион тонна ресейлік мұнаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнайдың ұқсас көлемін біз Атырау-Самар құбырындағы Ресей тарапына қайта өңдеуге береміз, - деді ол.

Санкция

Журналистер Батыс елдері тарапынан санкция салынуы ықтималдығы жағынан Қазақстанға қауіп төніп тұр ма деп сұрады. Ақкенженов мұнайдың бір бөлігі Қазақстанда қалатынын, бір бөлігі Қытайға жіберілетінін айтады. Ол біздің еліміз реэкспортпен айналысқысы келмейтінін айтады.

– Егер біз санкциялық мәселелер туралы айтатын болсақ, онда бұл бірінші кезекте теңіз көлігімен, танкерлермен жеткізуге байланысты айтылуы керек еді. Бұл мұнай Қазақстанға келеді, біз оны осында өңдейміз және қайта өңдеу өнімдері Қазақстанда қалады. Мұнай ішкі нарық үшін қалады. Ал транзит Қытайға кетеді. Бұл Ресей Федерациясы мен ҚХР арасындағы қатынас. Біз тек транзиттік елміз,-деп толықтырды вице-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропа одағының санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О ' Салливан Батыс елдері Ресейге қарсы шектеулер енгізуді жалғастырып жатқанын айтқан болатын.