Түркістан облысында бойжеткен аса қатігездікпен кісі қолынан көз жұмды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бойжеткенді өлтірді деген күдікті қамауға алынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Желіге тараған ақпарат
Әуелі abdulla_kzkz парақшасында тараған ақпараттарға қарағанда Сайрам ауданы Ақсукент ауылында сұмдық жағдай болған.
– Айтуларынша, екі ғашық бір жылдан бері кездесіп жүріп, кеше 30-шы маусым күні қызды жігіті кешкі сағат 18:30 да жұмысынан көлігімен жігіттің үйінде ешкім жоғын біліп, сол үйдің гаражына тоқтаған. Марқұм қыз сол гараждан тірі шықпаған. Қыздың туыстарының айтуынша, жігіт қызымызды зорламақ болған, өйткені марқұмның денесінде зорлық белгілері бар, денесі көгерген және мұрны сынған, ал жігіт пен оның жақындарының айтуларынша, қыз газға уланып жан тапсырды, біздің баламыздың кінәсі жоқ. Марқұмды зорламақ болып ұрып өлтірген қанішер қылмысын жасырмақ боп, туған ағасы мен әпкесін шақырып жоспар құрды, олар бірігіп мәйттің аузына газ жіберіп қорлаған. Біз сол күні кешке жігіттің үйіне жүз рет хабарласып қызымызды сұрадық, ал олар болса біздің бала ұйықтап жатыр, сіздің қызыңыз қайда екенін білмиміз деп жауап берді, – делінген жазбада.
Парақшада күдіктінің туыстары “бәрін ұйымдастырып, бірнеше сағат өткеннен соң өздері жедел жәрдем шақырып, полицияға хабар берген” делінген.
Полиция не дейді
Түркістан облысының полиция департаменті аса ауыр қылмыс жасады деп күдіктінің ұсталып, қамалғанын хабарлады.
– Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның барлық жағдайлары анықталуда. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда сот БАӘ-де қызды қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған қазақстандықты кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.