Қарағанды облысындағы ауыл әкімінің ұлы жаяу жүргіншіні қағып кетіп, айыппұлмен құтылған

Ғалиасқар Думан

Қарағандыда жасөспірім қызды қағып кеткен ауыл әкімінің ұлы қатаң жазадан құтылды. Апелляциялық сот оның жүргізуші куәлігін қайтарып, айыппұл салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөздерден

Қарағандылық «Патриот» телеграм-арнасының мәліметінше, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы ауыл әкімінің ұлы 2023 жылғы 25 қыркүйекте Қарағандыда жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 15 жастағы студент қызды қағып кеткен. Қыздың ата-анасының сөзінше, осыдан кейін жас жігіт өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жол қозғалысы ережелерін бұзған видеосын жариялаған. Зардап шеккен қыз миы шайқалып, жабық бас-ми және басқа да жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. Колледж студентіне ұзақ уақыт емделуге тура келген.

«Ол ауруханада 24 күн жатты. Тіпті, шыққаннан кейін де екі апта үйде демалыста болды. Қызым әлі де невропатолог пен травматологтан ем қабылдап жатыр. Алда қайта оңалтудан өтуі керек», – деді зардап шеккен қыздың анасы Кристина.

Алайда, сотта бұл жеңіл дәрежедегі жарақат деп танылған. Қарағанды қаласының әкімшілік соты жаяу жүргінші қызды қағып кеткен жас жігітті тоғыз айға жүргізуші куәлігінен айырған. Алайда ол апелляция беріп, бұл шешімді даулаған. Сондықтан оның куәлігі қайтарылып, 40 АЕК (147,6 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Апелляциялық сот құқық бұзушының кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Зардап шеккен қыздың ата-анасы оның өкінгеніне сенбейді және оның жәбірленушінің еміне ақы төлемегенін, ешқандай өтемақы ұсынбағанын айтады. Құқық бұзушының әкесі, ауыл әкімі «Патриотқа» берген сұхбатында ұлының ересек тұлға екенін мәлімдеген.

«Ол рөлде мас болған жоқ. Жасырынбады. Мұнда ешқандай сыбайлас жемқорлық жоқ - облыстық сот заң талаптарына сәйкес келетін шешім қабылдады», деді әкім.

Қазіргі уақытта зардап шеккен студенттің ата-анасы апелляциялық соттың шешіміне шағымдану үшін арыз дайындап жатыр.