Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастығы өзара құрмет пен қолдау рухында ұдайы нығайып келеді. Елдеріміз арасында сенімді және сындарлы саяси диалог жолға қойылған. Ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқан, мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңеюде. Орайлы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін Сізге және барша моңғол халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Қазақстанның Моңғолияға шикізаттық емес тауарлар бойынша экспорттық әлеуеті шамамен 100 миллион долларды құрайды. Осыған орай тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайту жөнінде нақты мақсат қоюды ұсынамын. Бұл ретте біз Қазақ-моңғол іскерлік кеңесін құруға және Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасын қабылдауға мүдделіміз, – деді Президент.
Сондай-ақ Астананың халықаралық аренадағы рөлі нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел ортақ құндылықтар мен тарихи тамырластыққа негізделген көпжақты ынтымақтастықты дамытуға тиіс.
Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевты Моңғолияға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қазақстан Президенті бұл шақыруды зор ықыласпен қабыл алатынын айтты.
Оның пікірінше, алдағы сапар екіжақты қатынастардың жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады. Бұдан бөлек, екі ел басшылары көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.