Бірнеше өңірде мессенджерлер арқылы вейп сатқандар ұсталды

Ғалиасқар Думан

БҚО-да полиция қызметкерлері Telegram арқылы вейп сатуды ұйымдастырған тұрғынды, ал Алматы облысының полицейлері WhatsApp мессенджері арқылы вейптерді заңсыз сатқандарды анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: polisia.kz

БҚО тұрғыны кәмелетке толмаған жасөспірімге электронды темекі сату кезінде ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту барысында жүзге жуық бір реттік темекі, оны шегуге арналған 137  құрылғы мен сұйықтық табылып, тәркіленді. 

Ал Алматы облысында тәртіп сақшылары екі миллион теңгеге электронды темекі тәркілеген. Екі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы темекі өнімдерін, вейптарды, хош иістер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салатын заңға қол қойған еді.  Оларды сатқаны және таратқаны үшін  2024 жылы 200 АЕК (738 400 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.