Маусымда Қазақстан шекарасын бұзған 55 шетел азаматы ұсталды - ҰҚК

Ғалиасқар Думан

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету аясында 2024 жылғы маусымда құзырлы органдармен бірлесіп атқарылған жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөздерден

«Шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұзған   4 337 адам ұсталды, соның ішінде: 55 шетел азаматы шекараны бұзғаны үшін ұсталды. 35 шетел азаматының шекараны бұзу әрекеттерінің жолы кесілді», — деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік шекара арқылы 1 639 заңсыз алып өту фактілерінің алды алынған, соның ішінде: 46 – жалпы салмағы 14 кг жоғары есірткі заттары,  48 – ату қаруы мен оқ-дәрілер, 30 – діни әдебиет (692 дана); 553 – жалпы сомасы 14 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдары (45 000 литрден астам); 726 – жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден астам халық тұтыну тауарлары; 236 – жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеден астам шетел валютасы заңсыз өткізілмек болған. 

Бұл істердің материалдары құқық қорғау және сот органдарына жіберілген.