Алматы облысында сел қаупі төнді

Сырым Қаржас

Алматы облысында Түрген өзені бассейнінің мұздықтардың еруінен қалыптасқан көлдерінде су тасқыны мен сел қаупін жою мақсатында суды ағызу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, «Казселезащита» ММ қызметкерлері екі күн бойы сифон төсеп, еріген мұздықтар суын шығарды. 

«Ұзындығы шамамен 300 метр, өнімділігі секундына 110 литр болатын алғашқы сифон желісі іске қосылды», - делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында. Көлдердегі жұмыстар ауа райы жағдайына байланысты шамамен 16 шілдеге дейін жалғасады.

Күрделі ахуал
Түрген өзені алабында күрделі сел жағдайы байқалды. Осылайша 30 мыңнан астам адам тұратын Тау-Түрген, Түрген, Қаракемер, Балтабай елді мекендері қауіпті аймақта қалып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін мұздық пен көлдердің жағдайын бақылауын тоқтатқан жоқ.

Еске сала кетсек, 28 маусымда Қырғызстанда жауған жаңбыр салдарынан Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел жүрген.

Соңғы мәліметтер бойынша, тоғыз адам қаза тапты, оның төртеуі отандасымыз. Қайғылы оқиға болған күні шығысқазақстандық екі ұл мен екі қыз аналарына еріп, туыстарына қыдырып барған екен.