Тұрсынбек Қабатов сахнаға қайта оралды

Сырым Қаржас

Белгілі актер, шоумен Тұрсынбек Қабатов бес күндік "демалыстан" кейін сахнаға қайта оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Бұл туралы актредің жұбайы Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желідегі жазбасында бөлісті.

“Көрерменге деген құрметі қандай десейші. Бүнгі концерттен үзінді.
Халық жақсы көрмесе, зал лық толмас еді. Барлық келген көрерменге мың алғыс.
Айтпақшы, айта кетейінші. Сынақ болуы болды ғой.
Менің байқағаным, халық тарапынан қолдаушылар саны көп болды. Жақсы жазған жандар, сіздерге жақсылық еселене келе берсінші. Рахмет баршаңызға”. деп жазды әзілкештің жұбайы желіде.

Ал Т.Қабатовтың өзі бейнематериалда көрсетілген концерт кезінде “Мен осы концертке тыңғылықты дайындалдым. Бес күн ешкіммен сөйлеспей, ешқайда шықпай дайындалдым”, деп көрерменді ду күлкіге қалдырды. 

Еске сала кетсек, ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан Қабатовқа қатысты шешімді Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған болатын.

Айыпталушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынған-ды.