Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Сырым Қаржас

Әзербайжан елінің Шуша қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ең алдымен саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

Сондай-ақ Президент аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайды.

– Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте, «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екеніне тоқталып, түркі халықтарының әрдайым ынтымақта болуы керек екенін айтты.

– Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент қазір дүниежүзінде саяси және экономикалық өзгерістер болып жатқанына, соның салдарынан мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесі сыр бере бастағанына назар аударды. Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі нығайту қажет екенін айтып, Ұйымның алдағы жұмысы және оның басым бағыттары туралы пікірін ортаға салды.

Бұдан бөлек, Президент елдеріміз үшін төл өркениетіміз бен ана тілімізді сақтау мәселесі айрықша маңызды екенін атап өтіп, жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды.

Қазақстан Президенті Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды.