Ыстық ықылас пен ынтымақтастық: БҰҰ Бас хатшысы Қазақстандағы сапары туралы пікір білдірді

Сырым Қаржас

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға және Орталық Азияның басқа да елдеріне жасаған сапары туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Антониу Гутерриш әлеуметтік желілерде сапардан алған әсерімен бөлісе отырып, Орталық Азия аймағында ынтымақ, достық, қонақжайлық деген қасиеттермен бетпе-бет келгенін жазды.

«Орталық Азияның бес елін аралаған жеті күндік сапардан кейін мен бүкіл аймақта кездестірген терең ынтымақ сезімінен шабыт ала алдым», - деп жазды ол.

Гутерриш сондай-ақ Орталық Азиядағы мемлекеттердің біртұтастығын атап өтті.

«Бөлінген әлемде Орталық Азияның дұрыс жолды – ынтымақтастық пен ортақ шешімдер төңірегінде бірігу жолын таңдағаны қуантады.

Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Түркіменстан халқына жомарттығы үшін шексіз алғысымды білдіремін», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Антониу Гутерриш шілде айының басында Орталық Азия елдеріне іссапарға шыққан болатын. 4 шілдеде ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келіп кетті. БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанға соңғы рет 7 жыл бұрын келген болатын.