Қазақстанда үш адам терроризмді насихаттағаны үшін сотталды

Айнель Аянова

ҰҚК жүргізген тергеулердің нәтижесінде үш қазақстандық азамат терроризмді насихаттағаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

ҚР ҰҚК мәліметі бойынша, маусым айының басында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты террористік сипаттағы қылмыстар жасады деп айыпталған екі жергілікті тұрғынға үкім шығарған. Екі ер адам да жеті жылға колонияға жіберілді.

«Олардың өз ортасында, сондай-ақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы радикалды діни материалдарды таратқаны анықталды», - деп атап өтті ҰҚК баспасөз қызметі.

Бірнеше күннен кейін Астана қаласындағы сот осындай қылмыс үшін астаналық тұрғынды алты жылға бас бостандығынан айырды. Бұл ретте ер адам басқа ауыр қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр: ол 2024 жылдың ақпанында жария түрде билікті басып алуға шақырғаны, террористік топ құрып, оны басқарғаны, осы топқа жаңа мүшелер тартқаны, терроризмді насихаттағаны және қаржыландырғаны үшін 20 жылға сотталған. Ол темір тордың ар жағында жүріп те экстремизмді насихаттауын жалғастырған.

«Ол тергеу изоляторында отырып, заңсыз әрекетін тоқтатпай, камералас адамдарға терроризм идеологиясын таңуға тырыстқан», - дейді ҰҚК өкілдері.​​​