Ақтөбе облысы әкімдігі 8 миллиард теңгені заңсыз жұмсаған — прокуратура

Сырым Қаржас

Ақтөбе облысы прокуратурасы Ақтөбе облысы әкімдігінің табиғатты қорғау шараларының жоспарын орындау барысында көптеген заң бұзушылық жасағанын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: spk-aktobe.kz

Экологиялық заңнамада қоршаған ортаны жақсартуды қаржыландыруға қойылатын талаптар белгіленген. Әкімдіктер оларды жүзеге асыру үшін өткен 3 жыл ішінде табиғи ресурстарды пайдаланушылардан түскен сомадан кем емес қаражат бөлуге міндетті.

Мәселен, 2019-2021 жылдары облыс бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін барлық компаниялардан бюджетке 25 млрд теңге түскен, сәйкесінше әкімдік қоршаған ортаны жақсартуға осы сомадан кем емес қаражат бөлге міндетті. Алайда жоспарға сәйкес, 2022-2024 жылдар  бойынша жалпы шығындар 23 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, жоспардың өзі талаптарға сәйкес келмеген.

Жоспарға ауылдарды газдандыру, жылу желілерін жөндеу, орман шаруашылығы мекемелерінің аппараттарын күтіп ұстау енгізілген. Заңда көзделмеген шараларға жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден асты. 

«Қазіргі уақытта табиғатты қорғау прокуратурасының шараларымен табиғатты қорғау іс-шараларының жоспары Үлгілік тізбеге сәйкес түзетілуде, қаржыландыру көлемі 30 млрд теңгеге дейін өсетін болады», - деп хабарлады прокуратура. 

Қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.