Қазақстанда онлайн-алаяқтықтың қай түрі кең тараған?

Сырым Қаржас

Бірінші кредиттік бюроның Data Hub телеграм-арнасы Қазақстанда онлайн-алаяқтықтың ең кең тараған түрі сатып алушыларды алдау екенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

“2024 жылдың бірінші жарты жылдығында интернет-алаяқтықтың 9936 жағдайы тіркелген. Бұл 2023 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,1 % көп”, – деп жазылған хабарламада.

Мұндай құқықбұзушылықтардың шамамен төрттен бірі, яғни, 2417 жағдай маркетплейстердегі, интернет-аукциондардағы онлайн-саудаға байланысты болған: алаяқтар ақшаны алады, бірақ тауарды жібермейді. Адамдардың жеке деректерін ұрлайтын фишинг деген алаяқтық түрі де бұдан қалыс қалып жатқан жоқ (2393 эпизод). 

Аймақтар көрсеткіші 

Аймақтар арасында интернет-алаяқтық көрсеткіші бойынша 2204 жағдаймен Астана көш бастап тұр. Одан кейінгі орында 1048 жағдай тіркелген Алматы бар. Құқықбұзушылық деңгейін он мың адамға шаққанда елорда мен Павлодар облысы алдыңғы орындардан көрінеді. 

”Мәселе тіркелген фактілер туралы болып отыр. Жәбір көрушілер хабарламаған жағдайлар статистикаға енбейді”, – дейді Бюро өкілдері.