Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан топтардың еліміздің аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қарсы жасаған қылмыстары бойынша 10 қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев 2023 жылы 220 миллионнан астам желілік шабуылға тойтарыс берілгенін айтып, Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің сыртқа шығуына және елдегі байланыс операторларының желілеріне хакерлердің енуіне қатысты жағдайға тоқталды.
“Бұл фактілерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбас бұрын әшкерелеген. Уәкілетті министрлікпен және байланыс операторларымен бірлесе отырып, олқылықтарды жою және залалды азайту жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан топтардың еліміздің аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қарсы жасаған қылмыстары бойынша 10 қылмыстық істі тергеу үстінде”, – деді комитет төрағасы “Қазақпаратқа” берген сұхбатында.
Оның сөзінше, осы санаттағы істерді тергеудің ең қиын бөлігі – хакерлер мен шабуылдар көздерін анықтау.
Алдағы уақытта қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне осындай әрекеттерді жасағаны үшін жауапкершілікті қатайту бөлігінде түзетулер енгізу жоспарланып отыр.