Димаш Құдайберген Джеки Чанның жаңа фильмінің саундтрегін орындады

Сырым Қаржас

12 шілдеде Джеки Чанның жұрт көптен күткен жаңа «Аңыз» атты фильмі прокатқа шықты. Ал фильмнің соңында Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «This Love» («Бұл махаббат») саундтрегі шырқалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Dimashnews.com

Трек 5 шілдеде музыкалық платформаларға шықты.

Джеки Чанның өзі басты рөлді сомдаған жаңа фильмнің тарихы археолог Джек туралы және оның шәкірттерімен бірге арман әлемі мен шындық арасында көпір қызметін атқаратын артефактты қалай тапқаны туралы баяндайды. Археолог мұздық қазбалары кезінде табылған жәдігерлердің текстурасы түсінде көрген нефрит кулонын еске түсіретінін айтады…

«This Love» әнін Джеки Чанмен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Оскардың музыкалық төрешісі, маэстро Натан Ванг жазған. Жаңа ән Ван мырза мен Димаштың үшінші бірлескен туындысы.

Еске сала кетсек, Димаш 2020 жылы «Авангард» фильміне «Happy» саундтрегін орындаған болатын.

Сондай-ақ үш жылдан кейін қазақстандық музыкант Қытайдағы «Golden Panda» сыйлығында өнер көрсетіп, онда ол әйгілі қытай әншісі Вэй Вэймен бірге маэстро Натан жазған «Join Hands» атты сыйлықтың басты музыкалық тақырыбын орындады.