Еліміздегі Франция елшілігі Бастилия күнін атап өтті

Сырым Қаржас

Францияның Қазақстандағы Елшілігі серіктестер мен демеушілердің қолдауымен Францияның ұлттық мерекесі – Бастилия күніне орай бесінші жыл қатарынан мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Франция Бастилия күнін жылда 14 шілдеде атап өтеді. Бұл 1789 жылы француз революциясы кезінде болған тарихи оқиға.

Биыл мерекенің тақырыбы осы жылы Парижде өтетін алдағы Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты болды. Осыған байланысты мереке қонақтарына шақыру ретінде алтын медальдар табыс етілді.

Француздардың осы айтулы күнді атап өту іс-шарасы аясында Елшіліктің ұйытқы болуымен Астана қаласында да салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс қатысты. 

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Р.Василенко Қазақстан-Франция қарым-қатынасының 1992 жылдан басталғанын және Франция еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы еуропалық мемлекетекенін атап өтті. Бүгінде екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың жан-жақты дамып, ынтымақтастықтың жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын жеткізді. 

Сонымен қатар Қазақстан үшін Францияның әріптестігі, достығы маңызды екенін атап өтіп, Елшілікке Мемлекет басшысының Алғыс хатын табыс етті. 

Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс өздерінің ұлттық мерекелеріне атсалысып жатқан қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, екі ел арасындағы берік байланыстарға тоқталды.

“Білім саласында үш жылда үлкен ілгері қадам жасалды. Біздің университеттік ынтымақтастығымыздың картасы аясында Франция мен Қазақстан арасында кемінде 50 бағдарлама бар. Ынтымақтастығымыздың жаңа басым бағыттарының ішінде қазақстандықтардың болашағы үшін аса маңызды мәселе болып отырған су ресурстарын басқаруда атқарылған істердің құндылығын атап өткім келеді. Биыл желтоқсан айында Эр-Риядта Қазақстан-Франция тең төрағалығымен өтетін “One Water” саммитінде халықаралық назарды әсіресе су мәселесіне бірге аударатынымызды ескерткім келеді”, деді Франция елшісі. 

Сондай-ақ ол өз сөзінде екі елді жақындастыра түсу жолында өзінің көп күш жұмсағанын атап өтіп, еліміздің ерекше сұлулығы мен тамаша табиғаты жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.  

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жыл 29 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесіп, ресми сапар аясында Франция Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген. Мемлекет басшысы бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік беретінін атап өтіп, Эмманюэль Макронды Қазақстанға сапармен келуге шақырған болатын.

Ал Франция Президенті елімізге былтыр қараша айында ресми сапармен келіп, Қазақстан Президентімен келіссөздер жүргізген. Онда уран, білім, энергетика саласында екі жақтағы жобалардың еселеп өсетінен алға тартқан болатын.