Головкин құраманың Олимпиада ойындарына дайындығы туралы баяндады

Ulysmedia

Мемлекет басшысы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ақорда

Не болды?

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық құраманың Париж Олимпиадасына әзірлігі жөнінде мәлімет берілді.

Геннадий Головкин ұйымның халықаралық бағыттағы қызметін үйлестіру шаралары, сондай-ақ салалық білім беру жобалары туралы баяндады. Оның айтуынша, ҰОК Халықаралық Олимпиада комитетімен, Азия Олимпиада кеңесімен және басқа елдердің осындай құрылымдарымен байланысты жандандырып жатыр.

Сонымен қатар Ұлттық олимпиада комитеті  спортшылардың құқығын қорғауға бағытталған жобаларға баса мән беріп келеді.

ҰОК

Айта кету керек, желіде ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкиннің жоғары жалақы алатыны туралы ақпарат тараған еді.

Комитеттің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның лауазымына ақы төленбейтінін мәлімдеді.

"Геннадий Головкин ҰОК президенті қызметін қоғамдық негізде атқарады. Оның лауазымына ақы төленбейді. Оның мотивациясы қаржымен де, саяси мансаппен де байланысты емес", - делінген хабарламада.

ҰОК-та Головкиннің қызметі қазақстандық спортқа көмек көрсетуге, сондай-ақ халықаралық спорт қауымдастығында Қазақстан ҰОК-ның беделін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.