Биыл әкімдік қызметкерлері 203 қылмыс жасаған – Антикор

Қалижан Бектемір

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жарты жылдық қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында агенттік төрағасы Асхат Жұмағали өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: golos-naroda.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижесінде биыл 144 әкімдік қызметкерінің қатысы бар 203 қылмыс тіркеген.

Мысалы, Алматыда мәдениет басқармасы басшысының орынбасары лауазымын теріс пайдалану, бюджет қаражатын жымқыру және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу аяқталған. Ол 125 млн теңгеден астам залал келтірген. Іс сотқа жіберілді.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол өкілеттікті теріс пайдаланды деп айыпталып отыр. Оның ішінде кәсіпорындарға оқу ақысын төлеу және отын беру қажеттілігі туралы заңсыз нұсқаулар беру де бар. Күдікті қамауға алынып, іс прокурорға жіберілді.