Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» директоры Ажар Ғиният балалар мүгедектігінің алдын алу туралы маңызды ақпарат жариялап, жүктілікті жоспарлаудан бастап неврологиялық аурулардың көпшілігінің алдын алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Церебральды сал ауруы сияқты неврологиялық аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі - цитомегаловирус, герпес вирусы және басқа TORCH инфекциялары сияқты туа біткен инфекциялар. Бұл инфекциялар ұрықтың дамуына айтарлықтай әсер етіп, мидың іштен біткен ақауларының қаупін арттырады. Инфекциялардан басқа, жүкті әйелдердегі анемия да қауіпті, бұл ұрықтың созылмалы ми гипоксиясына алып келеді. Анемия болмау үшін жүктілік кезінде дұрыс және тиімді тамақтану қажет”, – деп жазды маман.
Оның сөзінше, шала туылу және мерзімінен бұрын босану көбінесе балалардағы церебральды сал ауруының дамуымен байланысты, ал босану кезінде асфиксия (жедел гипоксия) нәрестенің денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
“Балалардағы неврологиялық аурулардың қаупін азайту үшін келесі алдын-алу шараларына назар аудару керек: Болашақ аналар дұрыс және тиімді тамақтануы қажет; Таза экологиялық ортада болу; Жұмыс орнында және үйде зиянды факторларды болдырмау; Стресстік жағдайлардың алдын алу; Баланың барлық даму кезеңдерінде профилактикалық емшаралардан өту; Жүктілікке дейін медициналық тексеруден өту керек және емделу қажет”, – деді Ғинаят.
Ол бала өмірге келгенге дейін денсаулықты күту қажет дейді.