Шымкент тұрғыны Instagram желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырып, небәрі бір жарым айдың ішінде ондаған миллион теңге таныс тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, лицензиясының жоқ екеніне қарамастан, әйел әлеуметтік желілерде екі аккаунттан тікелей эфир өткізіп, Toyota Land Cruiser Prado, Samsung, IPhone, Redmi смартфондарын, зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық техникалар ойнатқан.
Ойнатылған техника мен көлік затты дәлелдер ретінде алынды.
«Ол лотерея билетін сату туралы белсенді жарнама жасап жүрді (1 дана – 5000 теңге, 3 дана – 10000 теңге, 6 дана – 20000 теңге, 12 дана – 40000 теңге, 30 дана – 100 000 теңге). Сатылған билеттердің қаржысы әйелдің жеке карта шоты мен туыстарының шотына түсіп отырған. Осылайша ол 10 қыркүйек пен 29 қараша аралығында 96 млн теңге тапқан”, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Әйелге қатысты сот өтіп, бір жылға бас бостандығы шектелді. Оның жүлделерінің барлығы мемлекет табысына тәркіленді.