Қазақстанда екі мыңнан астам әйел, 58 бала түрмеде отыр

Әлихан Асқақ

Кейінгі 4 жылда Қазақстанда түрмеде отырғандар саны айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

© Sputnik / Тимур Батыршин

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ: ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАНҒАЛЫ ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕНДЕР КӨБЕЙДІ

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков брифингте кейінгі 4 жылда сотталғандар саны 7 мың адамға өскенін хабарлады. Шенеунік мұны заңнамадағы өзгерістермен түсіндірді.

"Бұл бөтеннің мүлкін ұрлау, отбасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлау және жол-көлік оқиғалары саласындағы заңнаманың қатаңдатылуына байланысты", - деді ол.

Сондай-ақ, Жәнібеков осы себепті тергеу изоляторларында орын тапшылығы бар екенін хабарлады. ҚАЖК басшысы бұл мәселені шешу үшін жаңа ғимараттар салынып жатқанын атап өтті.

СТАТИСТИКА

Жәнібеков Қазақстандағы сотталғандардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқанын айтты.

Қазақстанда жалпы 78 ҚАЖ мекемесі жұмыс істейді, онда 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Тергеу изоляторында 7 мыңнан астам адам ұсталған.

"Арнайы контингенттің екі мыңнан астамы - әйелдер. Жасөспірімдер - 58. Елдің барлық мекемелерінде барлық көрінбейтін аймақтарды қоспағанда толық бейнебақылау жұмыс істейді", - деді ол.