Белсенді Думан Мұхаммедкәрім ауруханаға түсті

Ulysmedia

Журналист және белсенді Думан Мұхаммедкәрім Қонаев қаласындағы көпбейінді ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Ulysmedia.kz тілшісіне Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары белсендінің денсаулық жағдайының нашарлауы туралы мәселені бірнеше рет көтергенін айтты.

"Мен сотқа белсендіге медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы өтінішхат бердім, бұл талапты орындаудан бас тарту қатыгез қарым-қатынас ретінде бағаланатынын айттым", - деді адвокат.

Нұрпейісовтың айтуынша, Мұхаммедкәрімде аштық жариялау мен стресс аясында пайда болған "аурулар жиынтығы" анықталған. Белсенді ауруханада 7-10 күн бола алады.

Сондай-ақ ол Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша келесі сот отырысы 22 шілдеге тағайындалғанын айтты.

"Дүйсенбі күні сот процесі қашан жалғастырылатыны туралы шешім қабылданады", - деп хабарлады адвокат.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың басында 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларын белсенді түрде жариялаған Мұхаммедкәрім мәжіліске сайланудан шеттетілді. Кейін полиция оны азаматтарды "заңсыз акцияға" шақырды деп айыптады.