Биыл Қазақстанға оралған қандастардың жартысынан көбі ҚХР-дан келген, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 8,7 мыңнан астам қандастың елге оралғанын хабарлады. 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллионнан астам этникалық қазақ келген.
ҚАНДАСТАР ҚАЙ ЕЛДЕРДЕН КЕЛДІ?
Биыл елге оралғандардың жартысынан көбі ҚХР-дан келген. Сонымен қатар қандастар келген елдер тізімінде Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және басқа мемлекеттер бар.
Еңбекке жарамды жастағы қандастардың үлесі 59%, кәмелетке толмаған азаматтар - 31,1% және зейнеткерлер - 9,9% құрайды.
"Сонымен қатар қандастарды орналастыру үшін келесі еңбек тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. 2024 жылға арналған қоныстану аймақтарындағы қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды", - делінген хабарламада.
Бұған дейін қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның үлгілік ережесі бекітілгені хабарланған еді. Бұл тұрақты жұмыс істейтін кеңесші орган болмақ.
КОМИССИЯ ҚҰРАМЫ
Комиссия құрамына тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы әкімдіктің, мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, мәслихаттар депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері кіреді.
МАҚСАТЫ
Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің Қандас мәртебесін алу және Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініштерін уақтылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету. Комиссиялар кандидаттардың өтініштерін қарап, бас тарту немесе мақұлдау туралы ұсыныстар жасайды.