"14 жастағы қызды зорламақ болды": Түркістан облысында ауыл тұрғындары жанжалдасты

Ulysmedia

"Азаттық радиосының" жазуынша, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 11 сынып оқушысы "14 жасар қызды зорламақ болды" деген сыбыс тарағаннан кейін көшеге шыққан ашулы адамдар екі үйге басып кірмек болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Азаттық радиосы

“Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, үйдің, көліктің терезелері сынған деген ақпарат бар. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Екі адам қамауға алынған. Қазір ауылдың кіреберісін қарулы полиция күзетіп тұр”, – деп жазады басылым.

Ауыл халқын дүр сілкіндірген оқиға 14 шілде сағат 00:00-ден асқанда болған. Әлеуметтік желіде "11 сынып оқушысы 14 жасар қызды зорламақ болып, қоқан-лоқы көрсеткен" деген ақпарат тарағаннан кейін ашулы адамдар тобы күдікке ілінген жасөспірім ер бала тұратын үйдің қасына жиналған.

“Ақпаратқа қарағанда, олардың кейбірінің қолында тас, ағаш сияқты заттар болған. Ашулы топ әлгі үйдің маңындағы көліктердің сыртына тас лақтырып, терезелерін сындырған. Аулаға қарай тас атқан”, – делінген материалда.

Ауыл тұрғындары оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шеккенін: кейбірінің аяғы, кейбірінің мұрны сынғанын айтады. Алайда ауыл әкімдігі "ешкім зардап шеккен жоқ" деп отыр.

Шамамен 11 мың тұрғыны бар Жібек жолы ауылында, ресми мәлімет бойынша, 17 түрлі диаспораның өкілдері тұрады.