Үш айдың ішінде Қостанай облысында 57 отбасыға тұрғын үй салынып, тағы 315 отбасы үшін үйлер мен пәтерлер сатып алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Жөндеуді қажет болған 815 үйді қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған.
ЖҰМЫС БАРЫСЫ
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Арқалықта салынып жатқан көппәтерлі үйдің құрылыс барысын және мердігерлердің жұмысын тексерді. «Базис А» компаниясының қаражаты есебінен салынып жатқан тұрғын үй 50 отбасына арналған. Сондай-ақ вице-премьер Арқалық ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді.
БАСПАНА – БАҚЫТ ШАМЫ
Жангелді ауданының Көлкамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Үйлер «Қазақстан Халқына» қоры есебінен салынып, шілде айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Жангелдин ауданының Тауыш ауылында су тасқынынан зардап шеккен барлық 22 отбасы бүгін қоныстой тойлады.
Сондай-ақ жаңа тұрғын үйдің кілтін Қостанайда 14 отбасы алды. Салтанатты жиында Қанат Бозымбаев пәтер иелерін құттықтап, оларға төзімділік пен шыдамдылық танытқаны үшін тағы да алғыс айтты. Тұрғын үй «Көмек Кст» қорының, өңірді қалпына келтіруге өлшеусіз үлес қосқан бизнес пен бейжай қалмаған қазақстандықтардың қаражатына салынды.
ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ
«Су кетіп, қиын жағдай болды. Үйіміз құлап, жөндеуге жарамай кетті. Шын айтсам, толқынып тұрмын. Сөйлеуге жүрегім ауырып тұр. Өте қуаныштымыз. Ескі үйіміз саманнан болган, 18 жыл тұрдық. Жаңа үйіміз керемет, үлкен, үш бөлмелі. Барлығыңызға рақмет!», деп бөлісті Қостанай қаласының тұрғыны Сапарғали Ибраев.
«Біз жолдасым екеуміз 40 жылдай ескі ағаш үйде тұрдық. Оны ата-анамыз салған болатын. Жаңа үймен, әрине, салыстыруға болмайды. Үйдің құрылысын бірінші күннен бақылап, сырттан қарап жүрдік. Президентімізге қысқа уақытта бізге үй беріп, барлық жағдай жасағаны үшін алғысымыз шексіз», деп қуанышымен бөлісті Қостанай тұрғыны Любовь Оганова.
АЛТЫНСАРИНДЕГІ ҚОНЫСТОЙ
Қостанай тұрғындарымен бірге қоныстойын Алтынсарин ауылының тұрғындары да атап өтті. 21 үйдің кілтін «Қазақстан Халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева табыс етті.
Өңірде су тасқыны салдарын жою жалғасуда. Қанат Бозымбаев Алтынсарин ауылындағы жөнделген тұрғын үйді аралап, бизнесі зардап шеккен жергілікті кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесті.
БӨГЕТКЕ БАРДЫ
Вице-премьер Қостанай ауданындағы Тобыл қаласындағы бөгетке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің сапасын тексерді.
Қостанай облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев жергілікті атқарушы органдар мен бейінді министрліктерге бірқатар тапсырма берді.