Ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағали «Қазақфильм» мен аниматорлар арасындағы дауға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
4 ЖЫЛ БОЛДЫ
“Қазақфильм” аниматорлары “Алтын адам” анимациялық фильміне қатысты мәселе көтергенін білесіздер. Бұл жағдайдың шиеленісуінің нақты себебін білулеріңіз тиіс деп есептеймін. Жоба Ұлттық кино орталығына 2020 жылы ұсынылып, басталған. Жалпы құны 378 млн теңгені құрайды. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы жұмысты толық аяқтамай, фильмді өткізбеді, деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына.
Оның сөзіне қарағанда 2022 жылы “Қазақфильм” жобаны қайта тапсыра алмады. 2023 жылға созылған жобада соңғы түзетулер қамтылмаған болып шықты. Орталық ұжымның 3 жыл бойы жобаны аяқтай алмай келе жатқан себептеріне түсіністікпен қарап, тиісті атқарған жұмыстарына қаражат төленіп келді. Орындаушыға атқарған жұмысы үшін 294 млн теңге төленді.
126 ЕСКЕРТУ
Ал қалған 84 млн неге төленген жоқ? Себебі, 2023 жылдың соңында жоба толық аяқталуы керек еді. Алайда ұжым жыл соңында тағы шикі жобаны тапсырды. Сараптама кеңесі жобаға қатысты 126 ескерту енгізген. Бірақ бұл түйткілді тұстар жоғарыда айтқанымдай, уақытылы түзетілмеген болып шықты. Мәселе жылдарға созылды, сондықтан Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильм» арасындағы іс сотқа жетті. Ал аяқталмаған жобаға мемлекет қаржы бөле алмайды. Осыған байланысты қалған 84 млн теңге каржы бюджет қазынасына қайтарылды, - дейді Құрманбек Жұмағали.
АЗАМАТПЕН КЕЛІСІМ
Құрманбек Жұмағали ақшаға байланысты мәселеде «Қазақфильм» басшысы Азамат Сатыбалдымен келісімге келгендерін айтады.
Тағы бір ескеретін дүние, осыдан бір ай бұрын "Қазақфильм" тізгініндегі әріптесім Азамат Сатыбалдымен бірге сот шешімін орындау жөніндегі медиативті келісімге келдік. "Қазақфильм" және жобаға жауапты ұжым жобаны өзара келісім арқылы аяқтап, "Алтын адам" анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20%-ы кино орталығына аударылса, қалған 80%-ы "Қазақфильмнің" үлесінде қалады. Осылайша "Қазақфильм" аталған жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейтін болады.
Ұлттық киноны қолдау орталығының тайқазаны сіз бен біздің қаржымыздан құралған. Сондықтан әр тиынның сұрауы барын ескеруіміз қажет. Мәселенің заң тұрғысынан шешіліп жатқаны да содан – дейді ол.
ЗАҢ АРАЛАСАДЫ
Ол бәрі заңды шешіледі дейді.
Біз тек бәрі заң аясында шешілсе дейміз. Әйтпесе, "Қазақфильм" басшысы Азамат Сатыбалдымен араздығымыз жоқ. “Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер” демекші, Азамат екеуміз де отандық киноның дамуына мүдделіміз және бір-бірімізді қолдауға дайынбыз.
Біздің байқауымызша, елдің кино саласын кері тартып, дамығанын қаламайтын белгісіз топтар бар секілді. Әрине, олардың негізсіз пікіріне көпшіліктің иланбағаны абзал. “Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам” дегендей, саланың тек кемшілігін санамалауға бейім адамдардың астыртын ниеті түбі әшкере болатыны сөзсіз. Мұндай қолайсыз жағдайды тудыратын жағымсыз пікірлерге қарамастан, біз дамуға бет түзеген бағытымыздан жаңылмай, жұмыстарымызды үздіксіз жалғастыра береміз. Бір сөзбен айтқанда, елдің кино саласын ілгері бастыруға бар күшімізді саламыз! – дейді Құрманбек Жұмағали.