Қартайды ма? Джо Байден жарыстан шығып қалды

Әлихан Асқақ

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден түрлі себептермен алдағы өтетін президенттік сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

AP nuotr

 

НЕ АЙТТЫ

Ол өзінің ресми мәлімдемесінде Америка халқына қызмет ету – өзі үшін үлкен құрмет екенін, сондықтан келесі сайлауға қатысуға ниеттенгенін, алайда ел мен партияның мүддесін бәрінен жоғары қоятындықтан сайлауалды науқанға қатысудан бас тартқаны жөн екенін айтты. Джо Байден қалған күш-жігерін 2025 жылғы қаңтарда өкілеттігі аяқталғанға дейін президенттік міндеттерін абыроймен атқаруға шоғырландырмақ.

Өз мәлімдемесінде АҚШ президенті Демпартия атынан кандидат ретінде кімді көргісі келетінін айтпады, өзін қолдаушыларды: "Соған дауыс беріңдер!" деп үгіттеп жатпады.

КАМАЛА ХАРРИС

Тек вице-президент Камала Харристі бөле-жара атап, жұмысы үшін алғыс білдірді және оны өзгелерден оқ бойы озық тұрған "экстраординарлы серіктес" деп бағалады. Ендеше, сарапшылардың байламынша, Камала Харрис 5 қарашада өтетін президенттік бәйгеде демократтар атынан түсетін кандидатқа айналуы әбден мүмкін.

Әйтсе де, жаңа басталған апта ішінде Джо Байден тағы бір үндеумен халыққа жүгінбек. Өзінің шешімінің жай-жапсары, әрі қарайғы іс-әрекеті, қандай үміткерді қолдауды өтінетіні туралы сонда егжей-тегжейлі мәлімдеуі ықтимал.

Естеріңізде болса, бұған дейін Байден үміткерліктен бас тартуы мүмңін екенін хабарлаған едік.