YDD corporation компаниясының акционерлері мен басшылығы, сондай-ақ әкімдік өкілдері зардап шеккендердің отбасыларымен кездесіп, хал-жағдайларын білді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бірінші күннен бастап YDD компаниясы зардап шеккендерге және олардың жақындарына барлық қажетті көмекті көрсетуде. Бұл үшін үздік шетелдік комбустиолог мамандар шақырылды. Олар мүмкіндігінше тиімді медициналық көмекті көрсету үшін жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істейді.
Кездесу барысында зардап шеккендердің туыстары ауруханада ем алып жатқан жақын адамдарының жағдайы туралы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.
Акционерлердің айтуынша, компания зардап шеккен отбасыларға барлық қолдау мен көмек көрсетуді жалғастырады. Компания үшін қазір әрбір қызметкердің білікті медициналық көмекті алып, туыстарына оралуы өте маңызды. YDD Corporation зардап шеккен қызметкерлердің барлық қолданыстағы несиелерін төлеуге міндеттеме алады, сонымен қатар олардың отбасыларына қажетті көмекті көрсетеді.
Еске сала кетейік, Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытының пешінен өрт шығып, соның салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шекті. Аталған факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ “YDD Corporation” компаниясы зардап шеккендердің ауруханаға жедел жәрдем көлігімен емес, қызметтік көлікпен жеткізілгеніне қатысты видеоға түсініктеме берді. Бүгінде бес жәбірленушінің жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.