Блогер, коуч Ақбота Әнуарбек әлеуметтік желіде жариялаған видеода кітапты кедей адамдар оқитынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Кітапты кедей адамдар оқиды. 7-8 мыңға бизнес кітап аласың. Бір айдың ішінде оқып боласың. Дәл сол ақпаратты сен консультация алып, маманнан, эксперттен 2 сағаттың ішінде біліп аласың”, – дейді блогер.
Ол дәл қазір заманға сай, трендке сай ақпаратты, стратегияны, системаны, не істеу керек екенін, дайын шешімді консультация арқылы алуға болатынын айтып, ақшаны аямауға шақырды.
“Тісің ауырып тұрғанда кітап оқып отырмайсың ғой. Дәрігерге барасың. Ақшадан жаның қиналған кезде, бизнесің жүрмей бара жатқан кезде нәтижесі бар адамнан сұрашы, ақшасын төлеші, 100 мың бола ма, 300 мың бола ма, сонда бірден нәтиже аласың”, – деді ол.
Оның бұл пікіріне желі қолданушылары наразылық білдіріп, онымен келіспейтінін айтып жатыр.
“Кітапты сүйіп оқитын небір байлар бар, мына әңгіменің өзі кедей адамның әңгімесі”, “Кітапты өресі жеткен адам оқиды”, “Жастарды кітапқа баули алмай жатқанда, мына сөзіңіз не?” деп жазып жатыр желі қолданушылары.