Министр онкоауруларға арналған дәрі-дәрмектер тапшылығы жайлы не деді?

Ulysmedia

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде орфандық, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар қоры жеткілікті екеніне, ал бұл мәселеге қатысты «Қазақстан халқына» қорымен түсініспеушіліктер реттелетініне сендірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Орфандық аурулар

     – Бүгінде орфандық сырқаты бар пациенттерге арналған дәрілік заттардың тапшылығы жоқ. Дерті енді ғана анықталған науқастар үшін дәрілер жеткізілгенше уақыт керек. Орфандық аурулар бойынша өңірлердің өтінімдерін қарап, қосымша препараттар сатып алдық, - деді министр.

Онкологиялық аурулар

  – Жалпы бүгінгі күні онкологиялық науқастарды емдеуде кідірістер жоқ. Дәрі-дәрмектердің барлық қажетті қорлары бар. Олардың бір бөлігін «Қазақстан халқына» қоры, бір бөлігін медициналық ұйымдар және бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынады. Бүгінде дәрілік онкологиялық препараттардың тапшылығы байқалмайды, - деп сендірді министр.

Қорға байланысты кідірістер

Ол сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорымен бірлескен жұмыс туралы айтты.     – Онкологиялық жоспарды іске асыру шеңберінде «Қазақстан халқына»  қаражаты есебінен сатып алынуы тиіс дәрілік препараттардың тізбесі айқындалды. Бірақ оларды бірыңғай дистрибьютор тізбесіне енгізуге байланысты қор бұл дәрілерді республикалық бюджет есебінен сатып алу керек деп есептейді, - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова

Ол сондай-ақ бірде-бір пациент дәрілік препараттарсыз қалмайтынын атап өтті: қаржыландыру көлемі мен тетіктері бар, ал «Қазақстан халқына» қорымен мәселе шешіліп жатыр.

Сынға іліккен ведомство

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрығымен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) бұрын «Қазақстан халқына» қоры қамтамасыз еткен 15 препараттың алтауы (рибоциклиб, абемациклиб, апалутамид, алектиниб, иксазомиб, даратумумаб) енгені хабарланды. Қор Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет жүгінгенімен, бұйрықты іске асыруды бастау тетіктері мен әдістері туралы өз сұрауларына жауап ала алмады. Десе де, «Қазақстан халқына» қоры онкологиялық аурулармен ауыратын қазақстандықтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді тоқтатқан жоқ.

«Алты айлық кезең аяқталғаннан кейін Қорға жергілікті атқарушы органдардан онкопациенттерді жыл соңына дейін алты дәрілік затпен қамтамасыз етуге дайын еместігі жөнінде хабарламалар түсті, әлі де түсіп жатыр. «Қазақстан халқына» жоғарыда аталған дәрі-дәрмектерді тағы екі айға, яғни тамыз айының соңына дейін жеткізуді ұйымдастырды», - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық денсаулық сақтау басқармалары мен онкологиялық орталықтар ҚР нормативтік-құқықтық актілеріне байланысты ауыр онкологиялық және онкогематологиялық ауруларды үздіксіз емдеу үшін шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабардар етілді.

Қор Мәжіліс депутаттарына Денсаулық сақтау министрлігінің 28 желтоқсандағы бұйрығының орындалу мәселесін ведомствоның өзі және жергілікті атқарушы органдар бақылауға алуы туралы өтінішпен жүгінді.

Қазақстандағы онкология

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда онкология таралуы бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұрғанын мәлімдеді, бүгінде онкологиялық есепте 222 мың адам бар. ҚР-да ең көп таралған қатерлі ісіктер – сүт безі обыры, колоректальды қатерлі ісік, өкпе обыры, өт қабының қатерлі ісігі және жатыр мойны обыры.

Биылғы жылы сырқаттанушылықтың өсуі 7,1% -ды құрады. 2024 жылдың 4 айында тағы 13 278 адамнан қатерлі ісік анықталды. Осы аралықта 4060 адам онкологиялық аурудан қайтыс болды.

Маусым айында жұртты Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа жарлығы дүрліктірді. Ведомство онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарды емдеуге арналған бюджетті 20%-ға қысқартпақ. Министрлік онкологиялық ұйымдардың банктік шоттарында 30 млрд теңгеге жуық қаржы игерілмей жатқанын, ал медицинаның басқа салаларына ақша жетіспейтінін алға тартты.

Бұл ретте министр Ақмарал Әлназарова онкологиялық аурулары бар пациенттер қажетті медициналық көмектен қағылмайтынына сендірген.