Көлік министрлігі кірме жолдарды мемлекеттік меншікке беру рәсімі аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
600-ден астам кірме теміржолы «Көліктік сервис орталығы» Акционерлік Қоғамының сенімгерлік басқаруына берілді. Кірме жолдарды техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес оларды жөндеп, қалыпқа келтіру жоспары бекітілді.
“Қалыпқа келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Мәселен, шамамен 22 мың шпал, 42 мыңнан астам теміржол төсемі мен 3 мыңға жуық брус және басқа материалдар ауыстырылды. Бұдан басқа, «TUVRheinland» халықаралық компаниясымен жасалған шартқа сәйкес «КСО» АҚ сапа менеджменті, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі жүйелері бойынша алғаш рет сертификатталды”, – деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, «КСО» АҚ акцияларының жүз пайыздық пакеті республикалық мемлекеттік меншікте. Бұл компания жылжымалы құрамның өтуі, маневрлік жұмыстар, тиеу-түсіру, сондай-ақ жылжымалы құрамның тұрағы үшін кірме жолдарды ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді.