Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВ НЕ ТІЛЕДІ?
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, оған бақ-береке және Өзбекстан халқының игілігі жолындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.
“Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық қатынастарын нығайтуға Шавкат Мирзиёевтің қосқан зор үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Президенттер екіжақты өзара ықпалдастықтың жоғары қарқынын атап өтіп, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты арттырудың перспективаларын талқылады”, – деп жазылған Ақорданың хабарламасында.
Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі байланыстардың алдағы кестесін пысықтады.
ШАВКАТ МИРЗИЕЕВ НЕШЕГЕ ТОЛДЫ?
Өзбекстан президенті бүгін 67 жасқа толып отыр. Тоқаевтан төрт жасқа кіші. Екеуі де елді 30 жыл басқарған диктаторлардан кейін билікке келген екінші президенттер.
Шавкат Мирзиёев 1957 жылы 24 шілдеде дүниеге келген. Мирзиеевтің ұлт кім екендігі туралы дау да болды, бірақ президенттің ресми өмірбаянында оның ұлты өзбек деп көрсетілген. Ол 1981 жылы Ташкент ирригация және мелиорация институтын бітіріп, кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді, содан кейін институттың ең жас ғалымдарының бірі болып техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Институтта жұмыс істеген соңғы жылдары институттың бірінші проректоры қызметін атқарды.
2003-2016 жылдар аралығында Өзбекстанның премьер-министрі болған Мирзиеев, Ислам Каримовтың кенеттен болған қазасынан кейін 2016 жылы мерзімінен бұрын өткен сайлауда президент лауазымына үміткер ретінде ұсынылды. Нәтижесінде 88,61 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.
Мирзиёев әйелі Зироатхонмен институтта сабақ беріп жүргенде танысқан. Ол кезде Зироатхон студент болған, оқу орнында ең сұлу қыз болған деседі. Мирзиёев пен Хошимованың екі қызы және бір ұлы бар. Интернетте ұлы Әлішердің бірнеше суреттері жарияланған. Оның үйленгенін немесе балалары барын ешкім білмейді. Желіде қыздары Саида мен Шахноза туралы деректер баршылық.