Павлодар облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенева 12 жасында балалы болған қыздың үйінде болды. Оның отбасы Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Отбасы Павлодар облысының Галкино ауылында тұрады. Олар 2019 жылы екі баламен Моңғолиядан көшіп келген.
"Қазақстанда тағы 3 бала дүниеге келді, қазіргі уақытта ана 2022 жылы туған кішкентай баланың күтімі бойынша демалыста. Анасы оқи да, жаза да алмайды. Тек өз атын жаза алады, құжаттарға солай қол қояды. Отағасы 6 сыныпты бітірген, ешқандай мамандығы жоқ. Мезгілдік жұмыс ретінде мектепте от жағушы болып жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жұмыс істемейді", - деді Павлодар облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі.
Ата-ана үлкен қыздарының жүктілігі туралы 2024 жылдың 3 сәуірінде мұғалімдерден білген. Сол күні УДЗ жасалып, жүктілік расталған. УДЗ-дан кейін қыз 19 шілдеге дейін аудандық ауруханада дәрігерлердің бақылауына алынған.
"Ауруханада мектеп басшылығы оқу жылының соңына дейін онлайн оқытуды ұйымдастырды. Ауруханада болған 3 жарым ай бойы болашақ ана мектеп педагогикалық құрамының жеке қаражаты есебінен киім-кешек, аяқ киім, жуғыш заттар және азық-түлікпен қамтамасыз етілді", - деді Сәуле Шәкенева.
Дәрігерлер ерте жүктілікті сақтап қалып, 12 жастағы қыз салмағы 3 360 грамм болатын сау қызды дүниеге әкелді.
Сәуле Шәкенева облыстық перинаталдық орталықтан шыққаннан кейін ана мен сәбидің одан әрі тұратын орны туралы мәселе жақын арада шешілетінін атап өтті. Ата-анасы қыздарына қатысты зорлық-зомбылық фактісі туралы білмеген және күдіктенбеген. Олардың туысы қызды зорлағаны үшін күдікті деп танылды. Ата-анасы олармен қарым-қатынасты тоқтатқанын айтқан.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Павлодар облысында 12 жастағы қыз босанғанын хабарлаған едік. Ол тамыз айында 13-ке толады.
Жәбірленушінің туысы күдікті деп танылып, қамауға алынды. Қызды зорлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Іс сәуір айында тіркелген. Қазіргі уақытта сот-психиатриялық сараптама жүргізілуде. ҚІЖК-нің 201-бабы негізінде басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды.